Астананың ең қауіпті он қиылысы

Астананың ең қауіпті он қиылысы

Автор: Балнұр Тұрғұнбай

Мегаполистің тынымсыз тіршілігіне ілесе отырып, жол қозғалысының ережелерін сақтау  тек заңдық міндеттеме ғана емес, бірінші кезекте адам өмірін сақтаудың шарты. Алайда соңғы статистикалық деректер елорда тұрғындары мен жол қауіпсіздігі жөніндегі мамандар арасында  алаңдаушылық туғызып отыр. gis.kgp.kz дерегінше, 2025 мамыр айынан бастап 2026 жылдың мамыр айына дейін Астана көшелерінде адам жарақатымен аяқталған 2232 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Қарапайым есеппен айтсақ, күн сайын орта есеппен 6 апат орын алған. Ал биыл мамырдың 29 күнінде 153 жол-көлік оқиғасы болған.

Ең жиі болатын апаттар Есіл ауданында  яғни, сол жағалауда. 520-дан астам жол оқиғасы дәл осы аймақта тіркелген. Халықтың тығыздығы, көлік ағынының қарқындылығы және инфрақұрылымның даму қарқынының сұранысқа сай еместігі осы жағдайды тудырып отырған факторлар.

Астана қаласы прокуратурасының басқарма прокуроры Ақжол Сәтілданың айтуынша, жол-көлік оқиғалары санының артуына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы негізгі себеп болып отыр.

«Қалада тәулік бойы 1500-ден астам патрульдік маршрут пен бейнебақылау камералары жұмыс істейді. Мас күйінде көлік жүргізгені үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Камералар жүргізуші куәлігінен айырылған тұлғаларды да автоматты түрде анықтайды», – дейді ол.

Прокурордың сөзінше, ең жиі кездесетін құқықбұзушылықтар – көлік жүргізу кезінде телефон пайдалану және бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту. Ал адам өліміне әкелетін жол апаттарының көбі жаяу жүргіншілердің жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуімен байланысты. Осыған байланысты ол жол қозғалысына қатысушыларды ережелерді қатаң сақтауға шақырды.

Көлік жүргізуші Камиланың айтуынша, Мұхаммедханов пен Мәңгілік Ел сияқты ірі көшелерде жүрудің өзі  шын мәнінде стресс тудыратын тәжірибе деп атап өтті. Жүргізушілердің едәуір бөлігі жол талаптарын елемеуге бейім. Бірі ұялы телефонды пайдаланып алаңдаса, екіншісі жол берудің нормасын саналы түрде бұзады.

Қоғамдық пікірде маскүнемдік пен жол апаттарының байланысы асыра сілтеп көрсетілетін болса, алкогольдік мас күйде жүргізу кезінде орын алған оқиғалар жылына 21 жағдаймен ресми тіркелген. Ал ең ауқымды қатер жаяу жүргіншілер өткелдерінде шоғырланған. Бір жыл ішінде 700-ден аса адам жол жазатайым оқиғасына ұшырады.

Статистикаға сәйкес, апаттар көбіне сәрсенбі және жұма күндері болады екен. Бұл заңдылықты психологиялық шаршаумен, аптаның аяғына қарай назар аударудың шашыраңқылануымен және тез жетуге деген асығыс ниетпен байланыстыруға болады.

Қорыта айтқанда, Астана жолдарындағы ахуал қоғам үшін маңызы бар мәселе. Сақтансаң ғана сақтайтынын ұмытпаған жөн. Жол – қателіктерді кешірмейді.