Астана қалалық Цифрландыру және халыққа қызмет көрсету басқармасының басшысы Дидар Сүлейманов мәслихат отырысында елордада 2017 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Сергек» жобасы биыл 13 наурызда аяқталатынын мәлімдеді. Оның орнына елорда жасанды интеллектке негізделген қалалық инфрақұрылымды басқарудың жаңа жүйесін енгізуді қолға алуда. Жоба G42 холдингіне кіретін Presight халықаралық компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Жаңа жобаны қалыптастыру кезінде қолданыстағы жүйенің кемшіліктері ескерілді. Атап айтқанда, үздіксіз жұмыс істеуі үшін аппараттық-бағдарламалық кешенді тұрақты электрмен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар, жүйенің негізгі элементтері, соның ішінде жалпы бейнебақылау камералары оптикалық байланыс желісіне қосылып, бейне ағынның тұрақты берілуіне мүмкіндік береді», — деді Сүлейменов.
Қазіргі уақытта операторлар 4-5 түрлі WMS бейне ағынын беру жүйесін пайдаланады, бұл олардың жұмысын қиындатады. Жаңа жоба аясында мониторинг тиімділігін арттыратын бейне ағынды таратудың бірыңғай жүйесі енгізіледі.
Қолданыстағы инфрақұрылым жаңа жеке серіктестің басқаруына беріледі, бұл жүйенің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жобада 22 мың жалпы бейнебақылау камераларын, қиылыстарда 732 аппараттық-бағдарламалық кешендерді (ТҚК) және сызықтық учаскелерде 470 БҚК орнату кіреді.
Жүйе жол қозғалысы ережелерін бұзудың 15 түрін және бейне талдаудың 35 түрін тіркейтін болады. Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін деректерді өңдеу орталықтары және оқыс оқиғаларға жедел ден қою үшін коммуналдық қызметтерді біріктіретін бірыңғай ситуациялық орталық құрылады.
«Жоба 2030 жылға дейін жұмыс істеуге есептелген, оның инвестициясы 53 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыруды жеке серіктестік толығымен қамтамасыз етеді, ал жұмыстың 60%-ын қазақстандық компаниялар атқарады. Инвесторға төлем нысанды түпкілікті пайдалануға бергеннен кейін ғана жүзеге асырылады», — деді басшы.
Мәслихат депутаттары «Сергекті» ауыстыруды және бейнебақылау жүйесін бақылауды Presight компаниясына беруді мақұлдады.