2025 жылдың қаңтар айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 0,9% нығайып, долларына 501,24 теңгені құрады. Қазақстан қор биржасындағы бір күндік орташа сауда көлемі бір айда 359 млн доллардан 306 млн долларға дейін төмендеді. Жалпы сауда көлемі 5,8 млрд долларды құрады, деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Қаңтар айында Ұлттық қордан 350 млн доллар көлемінде валюта сатылды, бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан жасалған сатылымдардың үлесі жалпы сауда көлемінің 6%-ын құрады және күніне 18,5 млн доллардан аспады.

«Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне сәйкес, күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, ақпан айында республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін Ұлттық банк Ұлттық қордан 350-450 млн долларға дейін көлемде валюта сатуды жоспарлап отыр. Айналау операциялары аясында қаңтар айында 350 млрд теңге стерилизацияланды. Ақпан айы ішінде осы мақсаттарда 350 млрд теңге баламасында валюта сатылады», — делінген хабарламада.

Ұлттық банк қаңтар айында валюталық интервенциялар жүргізген жоқ. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 206 млн долларды құрады.

«Бұған дейін жарияланған жоспарға сәйкес, БЖЗҚ-ның валюталық активтерінің үлесі 40%-дан асатынын ескере отырып, Ұлттық банк қаңтар айында зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне доллар сатып алуды жүзеге асырған жоқ. Ақпан айында да валюта сатып алу жоспарланбаған», — деп түсіндірді Ұлттық банк.