Автор: Салтанат Игенбекова, Halyk Finance

Ақпан айында Ұлттық қордан (ҰҚ) 350-450 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланып отыр. 2026 жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттердің 2,77 трлн теңгеге дейін қысқаруы (2025 жылғы 5,25 трлн теңгеге қарсы) валютаның ай сайынғы сатылымын 2025 жылғы орташа 686 млн доллардан 2026 жылы шамамен 370–387 млн долларға дейін азайтады. Валюта ұсынысының төмендеуі теңге бағамына тиісті деңгейде қысым жасауы мүмкін.

Айналау тетігі аясында 2026 жылдың ақпанында 350 млрд теңге баламасында шетел валютасын сату жоспарланып отыр, бұл да 2025 жылғы деңгейден төмен. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімнің 50%-ын міндетті түрде сатуы туралы норманы қолдану жалғаса береді. 2026 жылдың ақпанында БЖЗҚ үшін валюта сатып алу жоспарланбаған. Нәтижесінде, ақпан айында Ұлттық банктің таза валюта сатылымы (нетто-сату) шамамен 1 043 млн долларды құрайды (Ұлттық банктің таза сатылымына Ұлттық қордан сатылатын валюта мен алтынды өткізуден түскен валюта сомасы кіреді).

Біз ақпан айында, егер сыртқы және ішкі факторлар өзгеріссіз қалса және бағам динамикасына әсер ететін жаңа теріс жағдайлар туындамаса, доллардың теңгеге шаққандағы бағамы шамамен қазіргі деңгейде сақталады деп болжаймыз.

Жалпы, биылғы жылдың соңына қарай бағам бір доллар үшін 580-590 теңге аралығында қалыптасуы мүмкін деп күтеміз. Айналау тетігі аясындағы операциялар көлемінің азаюы және Ұлттық қордан валюта сатудың қысқаруы Ұлттық банк тарапынан ұсынылатын валюта көлемінің кемуіне әкеледі. Ұлттық валюта позициясына сыртқы саудадағы сақталып отырған теңгерімсіздік те қысым көрсетеді. Жиынтық түрде бұл факторлар биылғы жылы теңге бағамына салмақ салады. Екінші жағынан, қатаң монетарлық саясат теңгеге қолдау көрсетеді, сонымен қатар валюта бағамын тұрақтандыру үшін басқа құралдар да қолданылуы мүмкін — БЖЗҚ үшін валюта сатып алуды реттеу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату нормасы.