Азия нарығындағы дүйсенбілік саудада алтын бағасы 2%-дан астам өсті. Бұған инвесторлардың қауіпсіз активтерге жаппай көшуі себеп болды. Бұл үрдіс АҚШ пен Израильдің Иран аумағына ірі соққылар жасап, елдің Жоғарғы жетекшісі Ли Хаменеидің қаза тапқаны туралы ақпараттан кейін күшейді.
Спот алтын бағасы Астана уақытымен 09:10-да унциясына $5,372,66 деңгейіне дейін көтеріліп, қаңтар айының соңынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. АҚШ-тағы алтын фьючерстері 2.8% өсіп, $5,394.91 болды.

Нарықтар Таяу Шығыстағы шиеленістің бұрын-соңды болмаған деңгейде күшеюіне реакция білдірді. Ирандағы ең ықпалды саяси тұлғаның қаза табуы өңірлік қақтығыстың кеңеюі мүмкін деген қауіп тудырып, әлемдік энергетика үшін маңызды артерия саналатын Ормуз бұғазы арқылы мұнай жеткізіліміне қауіп арттырды.
Жексенбі күні Израиль күштері Тегеран қаласына жаңа әуе және зымыран соққыларын жасап, басқару инфрақұрылымы мен әуе қорғаныс жүйелерін нысанаға алды. Бұған жауап ретінде Тегеран Израиль аумағына және Парсы шығанағындағы АҚШ базаларына қосымша зымыран шабуылдарын жүргізді.
Геосаяси күйзеліс нәтижесінде нарықтарда дәстүрлі «risk-off» сценарийі байқалды: акциялар арзандап, мұнай бағасы өсті, ал алтынға қорғаныс активі ретінде сұраныс артты.
«Бұл қозғалыстың қаншалықты ауқымды болатынын дәл бағалау қиын. Дегенмен жоғары бағыттағы негізгі деңгейлер ретінде $5,400 және қаңтар соңындағы рекорд — $5,595 көрсеткіштерін атап өтуге болады», — деді Pepperstone компаниясының аға зерттеу стратегы Майкл Браун.
Оның айтуынша, соңғы демалыс күндеріндегі оқиғалар алтынның ұзақмерзімді өсуіне негіз болатын факторларды күшейтіп отыр: жаһандық белгісіздік артқан сайын бөлшек инвесторлар мен орталық банктер тарапынан сұраныс сақталады.