Қазақстанда алғаш рет отандық стартаптың нарықтық құны 1 млрд доллардан асты. Higgsfield AI компаниясы ресми түрде «пырақ» (unicorn) мәртебесін иеленді. Бұл туралы жобаның тең құрылтайшысы Алекс Машрабов мәлімдеді.

Higgsfield AI деген не?

Генеративтік видео және сурет жасауға арналған платформа. Тек мәтін мен суреттерден кинематографиялық деңгейдегі видео жасауға мүмкіндік береді. Пайдаланушыларға алдын ала дайын камера қозғалыстарының (долли, кран, FPV т.б.) каталогы ұсынылады. Суретті өңдеу (inpainting), дауысты қосу және Upscale функциялары бар.

Компания кредит жүйесімен жұмыс істейді: әрбір функция белгілі бір көлемдегі кредитті қажет етеді. Пайдаланушыларға түрлі жазылым жоспарлары (Basic, Pro, Ultimate, Creator) ұсынылған.

Құрылтайшылар және инвестиция

Higgsfield AI 2023 жылы құрылды. Құрушылары – Алекс Машрабов, Ерзат Дулат және Mahi de Silva. Айта кетейік, Алекс Машрабов бұған дейін Snapchat компаниясында жасанды интеллект бөлімін басқарған.

Осы уақыт ішінде команда әлемдік венчурлық қорлардан 16 млн доллар инвестиция тартты. Инвесторлардың арасында Anthropic жобасына қаржы құйған Menlo Ventures те бар.

2024 жылдың сәуірінде Higgsfield AI 8 млн доллар көлемінде seed (алғашқы) раундта қаржы тартқан. Бұл раундты Menlo Ventures және басқа инвесторлар басқарыпты. Қаржыландыруда қатысқан басқа инвесторлар: Charge Ventures, Bitkraft Ventures, K5 Tokyo Black, AI Capital Partners және басқалары. 

PitchBook пен Tracxn деректері бойынша, жалпы тартылған қаржы шамамен 8.16 млн доллар деңгейінде көрсетілген. 

Meta-мен келісімнен бас тартты

Жақында Higgsfield Meta компаниясымен жүздеген миллион долларлық келісімнен бас тартты. Ерзат Дулаттың айтуынша, бұл шешім стартапқа тәуелсіз дамуға және АҚШ, Қытай, Жапония нарықтарында B2B бағыттарын күшейтуге мүмкіндік береді.