Қазақстан Үкіметі 2027 жылдан бастап әлеуметтік қолдау жүйесін мұқтаждық қағидатына көшіріп, бюджет шығындарын қысқартуды жоспарлап отыр. Реформа нәтижесінде 2027 жылы шамамен 700 млрд теңге, ал үш жылда 2,5 трлн теңгеге жуық қаражат үнемдеу көзделген. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтай отырысында мәлімдеді.
Үкімет басшысының айтуынша, енді әлеуметтік көмек азаматтың белгілі бір санатқа жатуына ғана емес, оның нақты материалдық жағдайына қарай тағайындалады. Жаңа қағидат 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық күшіне енеді.
Бектенов қазіргі жүйеде әлеуметтік қолдаудың кейбір түрлері азаматтардың қаржылық жағдайына қарамастан берілетінін атап өтті. Мысалы, көпбалалы отбасылардың табысы мен материалдық мүмкіндіктері әртүрлі болса да, олар бірдей қолдау алуы мүмкін.
Үкімет басшысы мемлекеттің көмегі өз бетінше күн көре алмайтын азаматтарға бағытталуы керек екенін айтты. Ал материалдық жағдайы жақсы отбасылар өз шығындарын өздері өтеуге тиіс.
«Мемлекет қиын жағдайға байланысты өзін қамтамасыз ете алмайтын адамдарға ғана қолдау көрсетуі керек және көрсетеді», – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министр әлеуметтік көмекті тұрақты табыс көзі емес, азаматтың қиын жағдайдан шығуына көмектесетін құрал ретінде қарастыру қажет екенін жеткізді. Оның пікірінше, мемлекеттік қолдаудың мақсаты – адамның өз бетінше табыс тауып, уақыт өте келе көмекке мұқтаж азаматтар санатынан шығуына жағдай жасау.
Үкімет әлеуметтік шығындарды қайта қарау арқылы бюджет тапшылығын азайтуды да көздеп отыр. Үнемделген қаражатты басым бағыттарға жұмсау жоспарланған.
Алайда мұқтаждық деңгейін бағалаудың нақты өлшемдері мен өзгерістер қамтитын әлеуметтік қолдау түрлерінің толық тізімі бұл мәлімдемеде нақтыланбады.