Halyk Finance сарапшылары алдағы жарты жылда Қазақстандағы тұрғын үй бағасының өсу қарқыны баяулайды деп болжап отыр. Бұған 2025 жылғы жоғары базалық көрсеткіш пен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) тұрғын үй сатып алуға арналған қаражатты пайдалану мүмкіндігінің шектелуі әсер етеді.
Halyk Finance шолуында 2025 жылы тұрғын үй бағасының өсуіне екі негізгі фактор ықпал еткені айтылған. Біріншісі – зейнетақы жинақтарын тұрғын үй сатып алуға пайдалану көлемінің артуы. Екіншісі – жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалардың кеңеюі.
Атап айтқанда, БЖЗҚ-дан тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған қаражат көлемі 2024 жылы 397 млрд теңгеге, ал 2025 жылы 824 млрд теңгеге жеткен. Бұл бір жылда 108% өскен. Ал 2025 жылғы қаражат алу көлемі 2023 жылмен салыстырғанда бес есе көп болған.
Ипотекалық несиеге сұраныс төмендеді
2026 жылы тұрғын үй нарығында біртіндеп салқындау байқалып отыр. Halyk Finance сарапшылары қазіргі жағдайға әсер ететін үш негізгі факторды атап өтті.
Біріншіден, коммерциялық банктер беретін ипотекалық несиелердің үлесі төмендеген. 2026 жылдың бірінші жартысында бұл көрсеткіш 14%-ды құрады. Бір жыл бұрын 26% болған.
Екіншіден, тұрғын үй нарығындағы сұранысты негізінен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қолдап отыр.
Үшіншіден, 2026 жылғы шілдеден бастап БЖЗҚ-дан тұрғын үй сатып алуға қаражат алу көлемі қысқарған. Бұған ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілуі себеп болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл алдағы кезеңде зейнетақы жинақтарының тұрғын үй нарығындағы сұранысқа ықпалын азайтады.
«2026 жылдың соңына дейін және 2027 жылдың басында тұрғын үй бағасының өсу қарқыны баяулайды деп күтеміз. Бұған 2025 жылғы жоғары салыстыру базасы мен БЖЗҚ-дан қаражат алудың шектелуі ықпал етеді», – деп болжайды Halyk Finance сарапшылары.
«7-20-25» бағдарламасын кезең-кезеңімен аяқтау ұсынылды
Сонымен қатар Halyk Finance сарапшылары Қазақстандағы тұрғын үй саясатына қатысты кешенді құжатты жаңартуды ұсынады.
Олардың пікірінше, халықтың әртүрлі санаттарына табыс деңгейіне, тұрғын үй құнына, орналасқан жеріне, ауданына, сапасына және инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуіне қарай жеке тұрғын үй шешімдері қарастырылуы керек. Сондай-ақ оларды қаржыландыру көздері мен нәтижелілігін бағалайтын нақты көрсеткіштер белгіленуі қажет.
Сарапшылар Дүниежүзілік банк зерттеуінің авторлары ұсынған «7-20-25» бағдарламасын кезең-кезеңімен аяқтау мәселесін де қарастыруды қолдайды. Бұл ретте нарықтық ипотекалық несиелеуге біртіндеп көшу ұсынылады.
Алайда мұндай өзгерістер ұзақ мерзімді қаржыландырудың балама көздерін дамытумен және тұрғын үй көмегіне мұқтаж табысы төмен азаматтарға атаулы қолдауды сақтаумен қатар жүруі тиіс.
Осылайша, Halyk Finance бағалауынша, алдағы кезеңде тұрғын үй нарығындағы сұранысқа зейнетақы қаражатын пайдалану мүмкіндігінің қысқаруы мен ипотекалық несиелеудің баяулауы әсер етеді. Бұл баспана бағасының өсу қарқынын төмендетуі мүмкін.