Үкімет отырысында туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елдегі кей курорттар шомылу маусымына толық дайын емес екенін мәлімдеді. Бұған негізгі себеп – қаржыландырудың жеткіліксіздігі.
Мәселен, Жетісу облысындағы Алакөл көлі жағалауында жағалауды бекіту жұмыстары былтырдан бері қаржы тапшылығына байланысты аяқталмай келеді.
«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамыту мәселелері әлі шешілмеген. Оларды іске асыру үшін республикалық деңгейде қолдау қажет», – деді министр.
Сондай-ақ Щучинск-Бурабай курорттық аймағы аумағында Громотуха өзені арқылы өтетін көпір құрылысына және жол инфрақұрылымын жаңғыртуға қаржы жетіспейді.
Абай облысында электрмен жабдықтау, жағалауды бекіту, айналма автожол салу, тазарту құрылыстары мен қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын қамтитын инфрақұрылымдық жобалар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары әлі басталмаған.
Жазғы маусымға жағажайларды дайындау мәселелері де бар. Кейбір аумақтарда жағажай инфрақұрылымы ұлттық стандарттарға сәйкес келмейді.
Министрдің айтуынша, бірқатар жағажайларда қалқымалы қоршаулар, құтқару мұнаралары, киім ауыстыратын кабиналар және санитарлық тораптар жеткіліксіз.
Ербол Мырзабосынов барлық өңір әкімдіктеріне дайындық жұмыстарын 15 маусымға дейін аяқтауды тапсырды.