Air Astana Нью-Йоркке баратын рейстерді Лондон арқылы ұшақ ауыстырмай іске қосуға дайындалып жатыр. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкіметте өткен баспасөз конференциясында айтты.
Министр Солтүстік полюс арқылы, соның ішінде Ресей аумағының үстінен өтетін тікелей маршрутты орындау үшін Boeing 787 Dreamliner сияқты алыс магистральды кластағы ұшақ қажет екенін түсіндірді. Алайда, мұндай әуе кемелерін жеткізу кейінге шегерілген.
«Ұшақты алу мерзімі шегеріліп жатыр. Қазір Airbus-та да, Boeing-те де 14 жылға алдын ала тапсырыс портфелі бар. Кезекте тұрғандар да кейінге ығысуда. Біз ұшақты 2026 жылы алуымыз керек еді, енді – 2027 жылы аламыз», – деді Сауранбаев.
Жаңа борт Air Astana әуе паркіне келіп түскенше, компания Лондон арқылы ұшуды ұсынады. Министрдің айтуынша, қону кезінде борт ауыстырылмайды, жолаушылар Нью-Йоркке сол ұшақпен сапарын жалғастырады.
«Қазір мұндай маршрут пысықталып жатыр. Бұл алыс магистральды ұшақ пайда болғанға дейінгі шешім», – деді министр.