Air Astana 2024 жылдың 4-ші тоқсаны мен жылдық қаржылық және операциялық нәтижелерін жариялады.

2024 жылы Air Astana компаниялар тобы өз стратегиясын сәтті жүзеге асырып, табыстылықты сақтап, шығындарды бақылауда ұстады және айтарлықтай өсімге қол жеткізіп, рекордтық 9 млн жолаушыны тасымалдады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен 1 млн жолаушыға көп, әрі топтың екі брендінде де сыйымдылықты ұлғайтуды жалғастыруы нәтижесінде жоғары сұранысты көрсетеді.

Сыйымдылықты белсенді басқару екі бренд бойынша да қарқынды өсімге ықпал етті. Бір жолғы кірістерді есептемегенде, жалпы кіріс пен өзге де түсімдер 12,4% өсіп, 1 308 млн АҚШ долларын құрады (2023 жылғы көрсеткіш – 1 164 млн АҚШ доллары).

Директорлар кеңесі акционерлердің жылдық жалпы жиналысына жай және арнайы дивидендтерді қоса алғанда, бір жай акцияға 53,7 теңге және (төрт акцияға тең) бір ЖДҚ-ға 214,8 теңге мөлшерінде дивиденд төлеуді ұсынды. Бұл ұсыныс 2025 жылғы 31 мамырдан кешіктірмей өткізілуге жоспарланған Акционерлердің жылдық жалпы жиналысында бекітілуге ұсынылады.

«Біз ашық компания ретінде алғашқы жылымызда қарқынды өсімге қол жеткізіп, саладағы сыйымдылық пен шығындарға қатысты мәселелерге қарамастан, IPO кезінде берген уәделерімізді орындадық», – деді Air Astana компаниялар тобының Бас атқарушы директоры Питер Фостер. «Жаңа қаржы жылына қадам баса отырып, жоғары сұраныс пен ұлғайған қуаттылықтың арқасында біз екі бренд бойынша да өсуді қамтамасыз етуге дайынбыз».

Питер Фостердың мәліметінше, 2024 жылы компания 8 ұшақ қосты, бұл бастапқы болжамнан жоғары нәтиже. Нәтижесінде флот 60 ұшаққа дейін кеңейді және жылдың соңына қарай 63-ке жетеді деп күтілуде. 

«Бағыттық желіміз 2024 жылы 21 жаңа бағытпен толықты, оның 14-і 4-тоқсанда іске қосылды. 2025 жылға біз қазірдің өзінде негізгі өсу нарықтарында тағы 8 жаңа бағытты жарияладық, соның ішінде Алматыдан Франкфуртке, Гуанчжоуға, Мумбайға, Вьетнамдағы Дананг және Нячангқа тікелей рейстер. Airbus A321LR ұшақтарына қосымша отын бактарын орнату ұзақ қашықтықтағы тар фюзеляжды әуе кемелерінің ұшу ауқымын және оның ұзақ қашықтыққа ұшу мүмкіндіктерiн кеңейтіп, жаңа бағыттарды ашуға мүмкіндік берді», — дейді.

Топтың операциялық тиімділігі қызметкерлер мен инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы қамтамасыз етіледі. 

«2024 жылы біздің озық техникалық орталығымыз Airbus ұшақтарымызға ең ауқымды 12 жылдық C-check техникалық қызмет көрсетуді орындады, ал Алматы мен Астанада жаңа ангарлар салу жоспары техникалық қызмет көрсету мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту үшін қарқынды жүріп жатыр. Біз қызметімізді одан да тиімді ету және шығындарды пайда көзіне айналдыру жолдарын үнемі іздестірудеміз. Жуырда біз екінші толыққанды ұшу тренажерін алдық, ол жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі», — деді Питер Фостер.

Оның айтуынша, компания Алматы мен Астанадағы негізгі хабтарымызда тиімділікті арттыру және басқа авиакомпанияларға қызмет көрсетуден әлеуетті кіріс алу үшін мақсатында Жерүсті қызмет көрсету бойынша, Air Astana Terminal Services еншілес кәсіпорын құру процесін бастады.

Сонымен қатар 6,3 млрд теңге (13,0 млн АҚШ доллар) мөлшерінде қарапайым дивиденд төлеуді, бастапқы болжамнан ертерек, сондай-ақ қосымша арнайы дивиденд ретінде 12,8 млрд теңге (25,2 млн АҚШ доллар) бөлу ұсынылды.

2024 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша топтың маршруттық желісі 107 бағытты қамтыды (74 халықаралық және 33 ішкі), 22 елдегі 45 бағытқа ұшулар орындалды. 2024 жылы компания сұранысы жоғары аймақтарға, соның ішінде Үндістан, Қытай, Вьетнам және Парсы шығанағына жаңа бағыттар ашу арқылы маршруттық желісін одан әрі кеңейтті.

Сонымен қатар, A321LR ұшақтарына өз техникалық базасында үшінші отын багын орнату маршруттық мүмкіндіктерді кеңейтіп, тар фюзеляжды ұшақтар үшін жаңа бағыттарды қолжетімді етті. Бұл Алматы-Лондон, Алматы-Гуанчжоу, Астана-Фукуок және Астана-Пхукет тікелей рейстерін іске қосуға, сондай-ақ 2026 жылдан бастап Алматы - Токио бағытын ашуға мүмкіндік берді.

Air Astana өзінің жаһандық желісін кеңейтілген стратегиялық серіктестіктер арқылы одан әрі дамытуын жалғастырды. 2024 жылдың соңына қарай тоғыз код-шерингтік серіктестік орнатылып, интерлайн серіктестері арқылы 150 мыңнан астам жолаушы (Air Astana халықаралық трафигінің шамамен 8%) тасымалданды. Тамыз айында әуекомпания Japan Airlines-пен жаңа код-шерингтік келісімге қол қойып, 2026 жылы іске қосылатын Алматы-Токио бағыты арқылы Қазақстан мен Жапония арасындағы үздіксіз байланыс мүмкіндігін қамтамасыз етті.

2024 жылдың 1 сәуірінен бастап FlyArystan өз жеке Әуе тасымалдаушы сертификаты (AOC) аясында жұмыс істей бастады. Бұған дейін Air Astana-ның AOC сертификаты бойынша қызмет атқарған бренд үшін бұл өзгеріс оның төмен бюджеттік әуе тасымалдаушы (LCC) моделіне сәйкес келуіне және өз IATA коды (FS) арқылы қосымша өсу мүмкіндіктерін іске асыруына мүмкіндік береді. FlyArystan топтың толықтай иелігіндегі еншілес компаниясы болып қала береді.

Алматы әуежайының жаңа халықаралық терминалы 2024 жылдың 31 мамырында ашылды. Бұл терминалдың аумағын үш есеге ұлғайтып, әуежайдың жылдық өткізу қабілетін 8 миллионнан 14 миллион жолаушыға дейін арттырды. Жаңа терминал Топтың негізгі базасындағы өткізу қабілеті шектеуін жойып, болашақта одан әрі өсу үшін қосымша мүмкіндік береді.

Топ Airbus A320 отбасының ұшақтарына техникалық қызмет көрсетуді өз күшімен жүргізеді, сондай-ақ пилоттар мен бортсеріктерді оқытуды өзі қамтамасыз етеді. Менеджмент операциялық және шығын тиімділігін арттыру үшін жаңа бастамалар мен технологияларды үнемі қарастырады. Оның ішінде топтың қызметтерінің көбірек бөлігін ішкі ресурстар арқылы орындау стратегиясы бар. Бұл операциялардың тиімділігін және сапасын арттырып қана қоймай, сонымен қатар басқа әуекомпанияларға қызмет көрсету арқылы дәстүрлі шығындарды кіріс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.

2024 жылы топ өз құрамындағы Озық Техникалық Орталығына (ОТО) инвестиция салуды жалғастырды. Бұл әуе кемелеріне жоғары салалық стандарттарға сәйкес қызмет көрсетуге арналған ішкі техникалық қызмет көрсету кешені. 2024 жылы Топ жеті C-check инспекциясын жүргізді және алғаш рет Қазақстанда Airbus ұшақтарына ең күрделі 12 жылдық C-check тексерістерін орындау мүмкіндігін кеңейтті. ОТО 2024 жылы Топ үшін елеулі операциялық тиімділік әкелді және алдағы уақытта одан да көп үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, Инженерлік және техникалық қызмет көрсету бөлімі 58 жергілікті және халықаралық әуекомпанияға желілік техникалық қызмет көрсетті.

Қазіргі уақытта топтың негізгі екі хабында – Алматы мен Астанада – техникалық қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейту үшін жаңа ангарлар салу бойынша жоспарлар әзірленуде. Бұл шығындарды одан ары қысқартуға және сыртқы клиенттерге сұранысқа ие әрі жоғары құнды ауыр техникалық қызмет көрсетуді ұсынуға мүмкіндік береді. Кеңейтілген инфрақұрылымның құрылысы 2025-26 жылдары басталады деп күтілуде.

Ұшқыштарды даярлау мен олардың кәсіби деңгейін жоғары стандарттарға сай ұстау мақсатында топ Астанадағы Ұшу даярлық орталығын (ҰДО) кеңейтуде. Топтың A320 толық ұшу тренажеры – Орталық Азиядағы алғашқылардың бірі – қазіргі уақытта толық жүктемемен жұмыс істеуде. Екінші толық ұшу тренажеры 2025 жылғы ақпанда жеткізіліп, осы жылдың соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланып отыр. Бұл қуаттылықты арттырып, операциялық тиімділікті кеңейтіп қана қоймай, сыртқы ұшқыштарды даярлау арқылы қосымша табыс әкелуі мүмкін.

Топтың флотты оңтайландыру стратегиясына сәйкес, және соңғы Embraer ұшағынан толық бас тартуға дайындық ретінде, барлық Embraer ұшқыштары Airbus әуе кемелеріне қайта оқытылды. Сонымен қатар, Топ Орталық Азия мен ТМД-дағы алғашқы Multi-Pilot License (MPL) сертификатына ие болатын әуе компания аталуының соңғы сатысында тұр. Бұл қадам Топтағы ұшқыштардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұдан бөлек, Pairing Optimiser жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде және оны 2025 жылғы сәуірде іске қосылуы жоспарлануда, бұл 5-7% дейін үнемдеуге мүмкіндік беруі мүмкін. Барлық осы шаралар ұшқыштарды пайдаланудың тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған.

«Біз өз мамандарымызды – ұшқыштарды, экипаж мүшелері мен инженерлерді оқытуды жалғастырудамыз. 2008 жылы ab-initio ұшқыш-кадеттер бағдарламасы басталғаннан бері бүгінгі таңда оқып жатқан кадеттер саны рекордтық 30-ға жетті. Қазіргі ұшқыштар құрамының жартысы – осы бағдарлама түлектері, ал 80-і командир дәрежесіне көтерілді. Сонымен қатар, биыл жолаушылар кабинасындағы төтенше жағдайларда эвакуациялауға арналған жаңа оқу-жаттығу жүйесі мен өрт сөндіруге арналған заманауи тренажерлер іске қосылды», — делінген есепте.

Топ өзінің мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігін арттыру мақсатында Астана әуежайында арнайы қойма құрылысын аяқтады. Жоба 2024 жылдың желтоқсанында іске қосылып, Топтың негізгі нарығындағы қатал қысқы климатты ескере отырып, маңызды кезеңге айналды. Алматыда мұздануға қарсы сұйықтық араластыру станциясы жаңартылып, сақтау көлемі ұлғайтылды, сондай-ақ қайта толтыру жылдамдығы 50%-ға қысқартылды. 2024 жылы Алматы мен Астанаға мұздануға қарсы өңдеуге арналған төрт жаңа техника жеткізіліп, Топтың жалпы паркі 14 бірлікке жетті. Бұл инфрақұрылымды кеңейту операциялық мүмкіндіктер мен тиімділікті арттыруға айтарлықтай үлес қосады.

Топ жоғары сапалы клиенттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету және негізгі шығындардың бірін тиімді басқару мақсатында толықтай өзіне тиесілі Жердегі қызмет көрсету еншілес компаниясын құру процесінде. Сонымен қатар, бұл қадам Топтың операциялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, тиімділігін арттыруға, сондай-ақ басқа әуе компанияларына қызмет көрсету арқылы өсу мүмкіндіктерін қарастыруға жол ашады.