АХҚО Соты ресей-украин компаниялары дауында ресейліктерге қолайлы шешім шығарды

Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) соты бұған дейін шығарылған, Ресейдің «Газпром» компаниясынан украиналық «Нафтогаз» компаниясынан шамамен 1,4 млрд доллар өндіріп алуға мүмкіндік берген шешімнің күшін жойды.

Еске салсақ, 2026 жылғы 15 мамырда АХҚО судьясы Эндрю Спинк Украинаның «Нафтогаз» компаниясының өтінішін қанағаттандырып, Швейцариядағы Халықаралық сауда палатасының (ICC) арбитраждық шешімін Қазақстан аумағында тануға және мәжбүрлеп орындатуға рұқсат берген болатын. Бұл газ дауын қайта қарау емес, халықаралық арбитраж шешімін Қазақстанда орындаудың құқықтық рәсіміне қатысты іс еді.

Алайда 2026 жылғы 7 шілдеде АХҚО-ның бірінші сатыдағы соты Лорд Фолкстың төрағалығымен істі қайта қарап, керісінше шешім шығарды. Сот АХҚО-ның аталған арбитраждық шешімді тануға және орындауға құзыреті жоқ деген қорытындыға келіп, бұрынғы қаулының күшін жойды.

Соттың түсіндіруінше, АХҚО сотының юрисдикциясы Конституциялық заң арқылы нақты шектелген және бұл іс оның қарауына жатпайды. Сонымен қатар халықаралық арбитраж шешімдерін тану туралы нормалар негізінен АХҚО Арбитраж орталығы шығарған шешімдерге қатысты қолданылады, ал басқа халықаралық арбитраждардың барлық шешімдеріне автоматты түрде таралмайды.

Сот сондай-ақ алғашқы шешім «Газпромның» қатысуынсыз және алдын ала хабарландырусыз қабылданғанын, ал істі қайта қарау кезінде екі тараптың да уәждері тыңдалғанын атап өтті.

Нәтижесінде АХҚО соты Қазақстаннан тыс жерде және АХҚО арбитраж жүйесіне кірмейтін халықаралық арбитраж шығарған шешімді орындауға өзінің өкілеттігі жоқ деген қорытынды жасады.

«Нафтогаз» бен «Газпром» арасындағы дау 2009 жылы жасалған газ жеткізу және транзит келісімшарттарынан бастау алады. 2014 жылдан кейін тараптар бірнеше рет халықаралық арбитраждарға жүгінді.

2018 жылы арбитраж «Газпромды» газ транзитінің келісілген көлемін жеткізбегені үшін 2,56 млрд доллар төлеуге міндеттеген болатын. Кейін тараптар арасында жаңа даулар туындап, арбитраж шешімдерін түрлі елдердің юрисдикцияларында тану және орындау әрекеттері жалғасты.