Биыл 9 айда құрылыс жұмыстарының көлемі 14,9% артып, 6 441,3 млрд теңгені құрады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросының деректерінде айиылған.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы құрылыс көлемін 2024 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда, елдің 17 өңірінде өсім байқалғанымен, бірқатар өңірде керісінше төмендеу тіркелді. Мәселен, Абай облысында құрылыс көлемі 3,1%, Атырауда – 28,7%, Шымкентте – 3,8% азайған.

Ал ең жоғары өсім Астана қаласында (+41,8%), Алматы қаласында (+37,7%), сондай-ақ Солтүстік Қазақстан (+27,3%), Ақмола (+26,4%), Түркістан (+25,5%), Қостанай (+23,5%), Маңғыстауда (+23,1%), Павлодар (+23%), Алматы (+21,1%) облыстарында байқалды.

Басқа өңірлерде өсім орташа деңгейде:  Ақтөбеде +18,1%, Жамбылда +16,6%, Қызылордада +15,6%. Ал өсім төмен болған өңірлер: Жетісу (+13,9%), Шығыс Қазақстан (+10,8%), Ұлытау (+9,7%), Батыс Қазақстан (+6%), Қарағанды (+1,2%).

Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 3,4% артып, 12 851,4 мың шаршы метрді құрады. Оның ішінде 8 072,2 мың шаршы метрі – көппәтерлі үйлер, ал 4 666 мың шаршы метрі – жеке тұрғын үйлер.

Тұрғын үйдің басым бөлігі – 11 812,1 мың шаршы метр немесе 91,9% жекеменшік құрылыс мекемелері арқылы пайдалануға берілді, оның ішінде халық есебінен – 4 875,5 мың шаршы метр.