Үйге мұқтаж азаматтар тізімінен 52 535 адам шығарылды. Тексеру барысында олардың жеке меншігінде баспанасы бар екені анықталған. Бұл туралы «Отбасы банк» баспасөз қызметі хабарлады.
Мұндай шешім тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға қатысты жүргізілген кешенді түгендеу нәтижесінде қабылданды. Бұған дейін кейбір азаматтар «Отбасы банкке» жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісім бермей, өз атында баспанасы бар екенін жасыра алатын.
Алайда 2026 жылғы 14 қыркүйекте «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға енгізілген түзетулер күшіне енді. Енді банк кезекте тұрған азаматтардың жеке деректерін олардың келісімінсіз жинап, тексере алады.
«Түгендеу нәтижесінде тұрғын үйге мұқтаж деп танудың заңнамада белгіленген талаптарына сәйкес келмейтін, яғни жеке меншігінде баспанасы бар азаматтар анықталды. Соның нәтижесінде 52 535 адам тұрғын үйге мұқтаждар есебінен шығарылды», – делінген банк хабарламасында.
Банктің мәліметінше, алдағы уақытта ортақ бірлескен меншігінде тұрғын үйі бар азаматтар да кезектен шығарылуы мүмкін. Бұл жұмыс мемлекеттік тұрғын үй көмегін бөлу тетіктерінің ашықтығы мен әділдігін арттыруға бағытталған.
2026 жылғы 21 қазандағы жағдай бойынша Қазақстанда тұрғын үй кезегінде 1 089 634 адам тұрған. Оның ішінде 484,9 мың адам әлеуметтік осал топтарға жатса, 604 мың адам басқа санаттар бойынша тіркелген.
Сонымен қатар 325,8 мың азаматтың баспана алуға басым құқығы бар. Бұған дейін 227 мың адамды кезекке қоюдан бас тартылып, 64 мың адам есептен шығарылған.
«Отбасы банк» бағалауынша, кешенді түгендеу нәтижесінде тұрғын үй кезегінен шығарылатын азаматтардың жалпы саны шамамен 200 мыңға жетуі мүмкін.