Қазақстанда 260 мыңнан астам кәсіпкер салық салынатын айналымды әдейі төмендетіп көрсеткен. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, бірашама кәсіп иесі онлайн-касса арқылы жұмыс істегенімен, күніне небәрі бір фискалдық чек шығарып отырған. Осылайша, олар нақты табысын жасырып, салық көлемін азайтады.
«16 755 кассалық аппарат POS-терминал мен QR төлем арқылы төлем қабылдап отырғанымен, чек бермеген. 260 мыңға жуық салық төлеуші бір ай бойы күн сайын тек бір чек немесе бірдей сома көрсетіп отырған», — деді Мәди Такиев.
Бұл жағдай шағын және орта бизнес сегментінде салық тәртібін бұзу әрекеттерінің әлі де жиі кездесетінін көрсетеді. Дегенмен, министрлік дерегінше, 2025 жылы фискалдық тәртіпті жақсарту бойынша айтарлықтай өзгеріс бар. Биыл 400 мың кассалық аппараттың ішінде бұрын мүлде чек шығармаған 70 мың кәсіпкер қазір фискалдық операцияны жолға қойған.
«Мұндай кәсіпкерлермен жұмыс жалғасып жатыр. Негізгі мақсат — салық жүйесіндегі әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету», — деді министр.