2026 жылы кәсіпкерлерге Kaspi тарифтері қымбаттайды

2026 жылы кәсіпкерлерге Kaspi тарифтері қымбаттайды

Kaspi Bank 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа тарифтік саясатты жариялады. Банктың ең танымал картасы Kaspi Gold үшін шарттар негізінен өзгеріссіз қалса, кәсіпкерлер мен шағын бизнеске арналған Kaspi Pay сервисінің тарифтері айтарлықтай қымбаттайды.

Негізгі өзгеріс: бизнес үшін сыртқы төлемдер

Kaspi Pay қолданатын жеке кәсіпкерлер мен ЖШС-тер үшін сыртқы төлем шарттары өзгереді: Бұрын «Kaspi Plus» тарифінде 30 тегін төлем қарастырылған болса, енді ол 10 төлемге дейін қысқарады. Әрбір қосымша төлемнің құны 140 теңгеден 200 теңгеге өседі.

Яғни, тегін пакет үш есе қысқарып, ақылы төлемдер 43% қымбаттады. Бұл шағын бизнес үшін қосымша шығындарды арттырады. Сонымен қатар есепшотты жүргізу құны 5 000 теңгеден 2 000 теңгеге төмендейді.

Kaspi Gold иелеріне өзгеріс бар ма?

Kaspi Gold пайдаланушылары үшін басты шарттар өзгермейді: Kaspi клиенттері арасындағы аударымдар бұрынғыша тегін болады. Басқа банктерге аударымдар үшін комиссия 0,95% деңгейінде қалады, бірақ ең төменгі мөлшер 149 теңге деп нақтыланды. Жалақыдан тыс түсімдер бойынша айына 300 мың теңгеге дейінгі қолма-қол ақша алуға комиссия салынбайды. Шектен асқан сомаға 0,95% комиссия қолданылады. Картаны жылдық пайдалану құны: бірінші жыл – тегін, екінші жылдан бастап – 1 995 теңге.

Басқа өзгерістер

Smart POS арқылы басқа банктер карталарымен төлем қабылдау комиссиясы 2,3% деңгейінде белгіленді. Несиелік өнімдер бойынша комиссиялар бұрынғыдай жеке шарттар негізінде есептеледі.