Қазақстанда 2026 жылдан бастап бала тууға және оның күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ұлғаяды. Бұл өзгеріс республикалық бюджет жобасында қарастырылған айлық есептік көрсеткіштің өсуімен байланысты.

Бала тууға төлемдер

2026 жылы алғашқы үш балаға берілетін бір реттік жәрдемақы 164,3 мың теңге болады (қазір – 149,4 мың теңге).

Төртінші және одан кейінгі балаларға төлем 272,5 мың теңгеге дейін өседі. 2025 жылы бұл сома 247,7 мың теңге болған еді.

Бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы

1,5 жасқа дейінгі бала күтіміне төленетін айлық жәрдемақы да көбейеді:

бірінші балаға – 24 912 теңге (+2,2 мың теңге);

екінші балаға – 29 453 теңге;

үшінші балаға – 33 951 теңге;

төртінші балаға – 38 492 теңге.

Кімдер ала алады?

Бұл жәрдемақыларды қазақстандықтар, қандастар және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер ала алады. Оған баланың тууы, асырап алу немесе қамқорлыққа алу фактісі негіз болады.

Басқа әлеуметтік көрсеткіштер

2026 жылғы бюджет жобасына сәйкес:

ең төменгі жалақы – 85 мың теңге (өзгеріссіз),

ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге,

күнкөріс минимумы – 50 851 теңге деңгейінде есептелмек.