Қазақстанда 2026 жылдан бастап зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері 10% артады. Ол үшін Үкімет бюджеттен қосымша 887 миллиард теңге қарастырды. Бұл туралы экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзінше, 2025 жылы әлеуметтік шығындар бюджеті 6 трлн теңгені құраса, 2026 жылға қарай бұл көрсеткішті 6,8 трлн теңгеге дейін, яғни 887 миллиард теңгеге ұлғайту көзделген.
«Бұл қаражат неге бағытталады? Зейнетақы мен жәрдемақы 10% өседі. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылы өсім 8,5% болған еді. 2026 жылғы бюджетте тек зейнетақы мен жәрдемақыны көтеруге 636 млрд теңге салынған. Жақында Ұлттық банкпен бірлесіп бағдарлама әзірленді. Онда тек зейнетақы мен жәрдемақы туралы ғана айтылмайды. Бұл сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау. Онда жұмыспен қамтуды арттыру үшін қайта даярлау бағдарламалары да бар», – деп атап өтті министр.
Жұманғарин әл-ауқатты көтеру үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына қатаң бақылау жасау, денсаулық сақтау мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, сондай-ақ халықтың шығындарын азайтатын түрлі монетарлық емес қолдау шаралары қарастырылғанын айтты.
Жалақы мәселесіне тоқталған министр, бірнеше жылдан бері оның ІЖӨ құрылымындағы үлесі 31%-ды құрап отырғанын жеткізді. Бұл жалақының ІЖӨ-ге сәйкес өсіп жатқанын білдіреді.
«Биыл ІЖӨ бойынша алғаш рет 300 млрд долларлық межені бағындырамыз деп үміттенемін. Жан басына шаққандағы табыс 15 мың доллардан асуы мүмкін. Сондықтан бұл оң көрсеткіштер», – деді министр.