2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексі аясында мемлекеттік кірістер органдарының құзыреті кеңейеді. Енді олар шетелден қаржы алатын жеке және заңды тұлғалардың сол қаражатты қалай жұмсап жатқанын және талаптарды қаншалықты сақтайтынын тексереді.
«Бұл шара салық органдарына шетелден қаржы алатын ұйымдарға тексерулер (рейдтер) жүргізуге мүмкіндік береді. Мақсат — қаражаттың не үшін жұмсалып жатқаны туралы мәліметтерді анықтау және бюджетке салықтың дұрыс төленуін қадағалау», — деді Вице-премьер мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Қазірдің өзінде Қазақстанда шетелден ақша алатындардың тізілімі (реестрі) бар. Бүгінде онда жобалық қызметті жүзеге асыру үшін шетелдік қаржы алып отырған 186 заңды және жеке тұлға тіркелген.
Бұл тізілімді алдағы уақытта кеңейту жоспарланып отыр. Оған қаржыландыру көздері (донорлар) мен сомалары туралы мәліметтер қосылады. Бұл тек коммерциялық емес емес, коммерциялық ұйымдарға да, сондай-ақ Қазақстан азаматтарына да қатысты болмақ.
Шетелдік көмек алғаны туралы мәліметті салық органдарына өткізбегендерге 50-ден 250 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Ал егер декларация әдейі тапсырылмай, соның салдарынан бюджетке ірі көлемде салық төленбесе, Қылмыстық кодекстің 245-бабы (Салық төлеуден жалтару) бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.