2025 жылғы 26 қыркүйекте Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін салық заңнамасындағы өзгерістерге, сондай-ақ салықтық және кедендік аудит мәселелеріне арналған баспасөз конференциясын өткізді.

Жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендірудің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, бизнестің әкімшілік жүктемесін азайтуға және мемлекет пен кәсіпкерлік қоғамдастық арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды жаңалықтарды көздейді.

МКК Салықтық аудит басқармасының басшысы Даурен Нұрғожаев салықтық тексерулерге қатысты негізгі өзгерістерді таныстырды. Олардың ішінде:

  • салықтық тексерулерді жоспарлы және жоспардан тыс деп бөлудің алынып тасталуы;
  • салықтық тексеру аяқталғанға дейін талап қою мерзімінің ұзартылуы;
  • нұсқамаға шағымдану кезеңінде тексерудің тоқтатылуының алынып тасталуы;
  • нұсқаманың үш жұмыс күні ішінде тапсырылуы;
  • ШОБ субъектілеріне құжаттарды ұсыну туралы талаптың екі реттен артық берілмеуі және орындау мерзімінің 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылуы;
  • салық төлеушілермен өзара әрекеттесудің негізінен онлайн-форматта жүргізілуі.

Сонымен қатар салықтық жүктеме коэффициенті тиісті қызмет түрі мен аймақ бойынша жоғарғы шектің кемінде 90 %-ын құраған жағдайда салықтық тексеру тағайындалмайды.