Қаржы министрлігі республикалық бюджеттің 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша атқарылуы туралы есебін жариялады. Құжатқа сүйенсек, билік 2025 жылы жоспарланған салықтың 676 млрд теңгесін жинай алмаған.

Республикалық бюджеттің кірістері 21,39 трлн теңге деңгейінде жоспарланған болатын, бірақ іс жүзінде 21,09 трлн теңге болды. Бұл жоспардан 1,4% төмен.

Салық түсімдері 15,19 трлн теңге деп болжанғанымен, нақты көрсеткіш 14,46 трлн теңге деңгейінде қалды. Яғни, бюджетке болжамнан 676 млрд теңге немесе 4,8% аз ақша түсті.

Негізгі алшақтық корпоративтік табыс салығы есебінен болды: 5,08 трлн теңге болады деп күтілген жерде нақты түсім 4,53 трлн теңгені құрады (-10,9%). Сондай-ақ, қосылған құн салығынан түсетін түсімдер де жоспардан 6,1% төмен болып, 6,51 трлн теңгенің орнына 6,11 трлн теңге болды.

Салықтық емес түсімдер жоспардан 89% асып түсіп, 823,1 млрд теңгеге жетті. Ұлттық қордан бөлінген трансферттер, болжамдағыдай, 5,25 трлн теңгені құрады.

Бюджет шығыстары 25,19 трлн теңге деп күтілгенмен, нақты 24,95 трлн теңгеге (-0,9%) жетті. Нәтижесінде бюджет тапшылығы болжамдағы 4,1 трлн теңгенің орнына 4,065 трлн теңге болып қалыптасты. Алайда, мұнай емес тапшылық (мұнай секторынан түсетін түсімдерсіз) жоспарланған 11 трлн теңгенің орнына 11,07 трлн теңгені құрады.

Бір жыл ішінде қазынаға 8,25 трлн теңге қарыз түсті, ал несиелерді өтеуге 4,19 трлн теңге бағытталды.