Бейне контент саласындағы жетекші платформа TikTok және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы еліміздегі шағын және орта бизнестің дамуына платформаның ықпалын талдауға арналған алғашқы зерттеу нәтижелерін ұсынды. Зерттеуге сәйкес, TikTok платформасын аптасына бір реттен жиі пайдаланатын әр алтыншы кәсіпкер табысының жартысынан астамы осы платформаның арқасында қалыптасатынын айтқан.
Зерттеу аясында еліміздің 20 өңірінен 308 кәсіпкер қатысқан сауалнама жүргізілді. Нәтижелер көрсеткендей, нарықта он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан компаниялар платформаны белсендірек қолданады – олардың 52%-дан астамы өз өнімдері мен қызметтерін ілгерілету, сондай-ақ аудиториясын кеңейту мақсатында TikTok-ты кем дегенде аптасына бір рет пайдаланады.
Белсенділік деңгейі бойынша екінші орында нарықта 5 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істеп келе жатқан компаниялар тобы тұр: олардың 47%-ы контентті аптасына бір рет немесе жиі жариялап отырады.
TikTok-тағы ең табысты индустриялар
Зерттеу платформаның түрлі саладағы компаниялар үшін әмбебап құралға айналғанын көрсетті. Астана қаласында денсаулық сақтау, сұлулық және спорт қызметтері саласы көш бастап тұр – TikTok қолданатын әрбір төртінші компания (25%) дәл осы секторда жұмыс істейді.
Алматы қаласында жеке қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндердің үлесі одан да жоғары: сауалнамаға қатысқандардың 32%-ы денсаулық, сұлулық және спорт индустриясына тиесілі. Одан кейінгі орында мәдениет, ойын-сауық және туризм саласының өкілдері (26%).
Шымкент қаласында негізгі белсенділік сауда саласында шоғырланған: сауалнамаға қатысқан компаниялардың 52%-ы азық-түлікке жатпайтын тауарлардың өндірісі мен сатумен айналысады.
TikTok платформасын пайдалану арқылы ең жоғары коммерциялық нәтиже креативті және қызмет көрсетуге бағытталған салаларда жұмыс істейтін компанияларда байқалады. Оларға қонақүй және курорт бизнесі, ойын-сауық индустриясы, сондай-ақ сұлулық пен денсаулық саласындағы қызметтер жатады. Бұл TikTok форматының визуалды мазмұнға бай және пайдаланушы тәжірибесіне бағытталған салаларда ерекше тиімді жұмыс істейтінін көрсетеді.
Бизнес платформаны қандай мақсаттарда пайдаланады
Зерттеу деректері бойынша, TikTok бизнес үшін қолданыстағы және әлеуетті клиенттермен, сондай-ақ серіктестермен өзара байланыс орнатудың маңызды құралына айналған. Респонденттердің 81%-ы платформаның жаңа клиенттер тартуға оң әсерін атап өтсе, 79%-ы бар клиенттерді сақтауға көмектесетінін көрсеткен. Сонымен қатар кәсіпкерлердің 71%-ы TikTok олардың бизнесін бәсекелестер арасында ерекшелендіруге мүмкіндік береді деп санайды.
TikTok-тағы кәсіпорындардың табыс көлемі
Ел экономикасына платформаның ықпалын бағалау мақсатында зерттеу аясында үш сценарий қарастырылды: TikTok-ты кәсіпкерлердің 10%-ы белсенді пайдаланған жағдайда, олардың үлесі 15%-ға жеткенде және 20%-ға дейін артқан кездегі сценарий.
Сауалнама нәтижелері бойынша шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 40%-ы платформаны тұрақты түрде қолданатынын атап өтті. Дегенмен, басқа елдерде (Ұлыбритания мен Австралияда) жүргізілген ұқсас зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, консервативті сценарий ретінде 10% деңгейі таңдалды. Осы сценарийге сәйкес, 2024 жылы Қазақстандағы ШОБ өкілдері TikTok арқылы талдауға енгізілген жеті секторда шамамен 219 миллиард теңге табыс тапқан.
Базалық сценарийге сәйкес (платформаны 15% кәсіпкерлер пайдаланады), TikTok-пен тікелей байланысты табыс көлемі 329 млрд теңге деп бағаланды.
Оптимистік сценарийде бұл көрсеткіш екі есе артып, 438 миллиард теңгеге жетті. Бұл сома елдің бүкіл креативті экономикасының жарты жылдық жалпы қосылған құнына тең болып, TikTok платформасын Қазақстандағы экономикалық өсім мен кәсіпкерліктің тұрақты дамуының маңызды факторы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Есептеулер көрсеткендей, егер МШОБ субъектілерінің кем дегенде 20%-ы TikTok-ты белсенді түрде қолданатын болса, алдағы 2–3 жылда платформа арқылы табысының елеулі бөлігін алатын компаниялар саны қарастырылған жеті сектор бойынша 8 мыңнан 16 мыңға дейін, яғни екі есеге артуы мүмкін.