20%-дық депозит енді жоқ, банктер мөлшерлемені түсіріп жатыр

Банктер қыркүйекте жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді төмендетуді жалғастырды. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін түсіруі әсер етті.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКҚ) дерегінше, қазір нарықта кірістілігі 20%-дан асатын депозиттер қалмаған. Бұған дейін 20%-дан жоғары табыстылық ұсынған өнімдердің мөлшерлемелері де төмендетілді.

Қыркүйекте 20,50% мөлшерлеме ұсынған банк оны 19,51%-ға дейін түсірді. Бұл — толықтыру мүмкіндігі жоқ жинақ депозиттері бойынша қазіргі ең жоғары мөлшерлеме.

Ал толықтыруға болатын жинақ депозиттерінде ең жоғары мөлшерлеме 19,60% болып отыр.

Осылайша, депозит нарығындағы ең жоғары табыстылық бойынша жағдай өзгерді. Бұған дейін ең жоғары мөлшерлеме толықтыруға болмайтын жинақ депозиттерінде болса, қазір көш бастаған өнім — толықтыруға болатын жинақ депозиті.

3–6 айға 19%-дан жоғары табыс бар

ҚДКҚ мәліметінше, жинақ депозиттері жеке тұлғаларға арналған салымдардың ішінде ең жоғары табыстылықты сақтап отыр.

Қазір бірқатар банк 3–6 айға ақша орналастырған кезде 19%-дан жоғары мөлшерлеме ұсынады.

Қордың бағалауынша, банктер депозит мөлшерлемелерін әзірге біртіндеп төмендетіп жатыр. Яғни ең жоғары мөлшерлемелер қысқарғанымен, нарықтағы тиімді ұсыныстар бойынша табыстылық әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Депозит мөлшерлемелерінің алдағы динамикасы банктердің өз шешімдеріне және Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі қадамдарына байланысты болады. Реттеуші базалық мөлшерлеменің алдын ала белгіленген траекториясы жоқ екенін атап өткен. Алдағы шешімдер инфляцияның нақты динамикасы мен инфляциялық тәуекелдерге байланысты қабылданады.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімі 2026 жылғы 23 қазанда жарияланады.

Қыркүйекте 6 банк мөлшерлемесін өзгертті

2026 жылғы қыркүйекте депозит мөлшерлемелерін 6 банк қайта қарады. Олардың басым бөлігі бірнеше депозит сегментіндегі шарттарды қатар өзгертті.

Мерзімсіз депозиттердің орташа мөлшерлемесі тамыздағы деңгейде қалып, 14,99% болды.

Толықтыруға болатын мерзімді депозиттер сегментінде мөлшерлемелер әрі төмендеп, әрі өсті. Үш банктің екеуі табыстылықты азайтты. Оның бірі барлық мерзім бойынша мөлшерлемелерін қайта қараса, екіншісі тек 3 айлық депозит бойынша ставканы төмендетті.

Үшінші банк керісінше қысқа мерзімді депозиттер бойынша мөлшерлемені 0,34–0,57 пайыздық тармаққа көтерді.

Ал толықтыруға болмайтын мерзімді депозиттерді жеке тұлғаларға қазір тек бір банк ұсынып отыр. Оның мөлшерлемелері тамыз айымен салыстырғанда өзгермеген.

20%-дан жоғары мөлшерлемелер кезеңі аяқталды

Толықтыруға болатын жинақ депозиттері бойынша қыркүйекте үш банктің мөлшерлемелері өзгерді. Тамызда мұндай өзгеріс алты банкте болған.

Осы сегменттегі ең жоғары мөлшерлемені ұсынған банк оны 20%-дан 19,46%-ға дейін төмендетті. Нәтижесінде 2025 жылдың соңынан бері сақталған 20%-дан жоғары мөлшерлемелер кезеңі аяқталды.

Соған қарамастан, бірнеше банк 3 ай мерзімге салынатын жинақ депозиттері бойынша 19%-дан жоғары мөлшерлеме ұсынуды жалғастырып отыр.

Толықтыруға болмайтын жинақ депозиттері соңғы айларда мөлшерлемелер жиі қайта қаралған сегменттердің бірі болды. Бұл өнімдер жеке тұлғалардың депозиттері арасында ең жоғары табыстылық ұсынатын құралдардың бірі болғандықтан, ақша-несие жағдайының өзгеруіне алғашқылардың бірі болып жауап берді.

Мөлшерлемелерді қайта қараудың ең жоғары қарқыны маусымда байқалды. Сол кезде базалық мөлшерлеменің алғашқы төмендеуінен кейін 9 банк депозит шарттарын өзгертті. Шілдеде — 2 банк, тамызда — 4 банк, ал қыркүйекте 6 банк мөлшерлемелерін қайта қарады.

Осылайша, базалық мөлшерлеме төмендей бастаған маусымнан бері бұл сегменттегі банктердің басым бөлігі депозит мөлшерлемелерін жаңартты.

Сонымен қатар қыркүйекте өзгермелі мөлшерлемесі бар депозиттер бойынша да түзетулер болды. Екі банк спредті 0,50 пайыздық тармаққа ұлғайтса, тағы бір банк мөлшерлеменің өзін 0,60 пайыздық тармаққа төмендетті.