Тұрғын үй кезегінде тұрған және пәтерде немесе үйдің бір бөлігінде үлесі бар азаматтар мемлекеттен берілетін жеңілдікті ипотека мен жалға берілетін баспана алу құқығын сақтап қалады.
Отбасы банкі үлестік меншігі бар кезектегілерге қатысты тәсілді өзгерткенін хабарлады. Енді баспанада тіпті азғантай үлестің болуы кезектен шығаруға немесе мемлекеттік қолдау шараларынан бас тартуға негіз болмайды.
Бұған дейін қолданыста болған ережелер бойынша өтініш автоматты түрде қабылданбайтын: егер адамның жылжымайтын мүлікте үлесі бары анықталса, ол жеңілдікті ипотекаға жүгіне алмай, мемлекеттен берілетін жалдамалы үй алу құқығынан айырылатын.
Банктегілер бұл шешім азаматтардың көптеген өтінішінен кейін қабылданғанын түсіндірді. Тиісті нормалар әлі заң жүзінде толық бекітілмесе де, Отбасы банкі өз тәжірибесінде үлестік меншігі бар кезектегілерді ескере бастады.
Бұл өзгерістер ақпан айынан бастап күшіне енеді.